
Денисовтық Ғаллам және Қарлыға Мақаевтар шаңырақ шаттығы туралы ойларымен бөлісті
Жыл сайын еліміздің жастары 15-сәуірде ұлттық ғашықтар күнін атап өтіп жүр.
Ерекше мерекеге «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» күні деген атау да берілген. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» лиро-эпостық жырының басты кейіпкерлері, қос ғашық Қозы мен Баянның мөлдір махаббатына деген жастардың құрметінен туындаған ой еді. Осынау датаға орай жастар үлгі-өнеге алсын деген ниетпен ауданымыздың құрметті қариялары Ғаллам ата мен Қарлыға әжеден отбасы бақыты туралы ойларын сұрадық.
Ғаллам ата мен Қарлыға әженің отасқандарына 62 жыл болыпты. Ғаллам ата биыл мамыр айында 83-ке толады, ал әжеміз 80-ге келді. Ерлі-зайыптылар сегіз қыз, үш ұл тәрбиелеп өсірді. Он бір баладан 21 немере, алты шөбере сүйді. Балаларының үлкені Ләззат биыл алпыс жасқа толады. Ол кісі есепші болып жұмыс істеуде. Екінші қызы Мәнсия Астанада тұрады. Университетте сабақ береді, мұғалім. Үшінші қызы Жанат та есепші. Ол да Астанада тұрады. Одан кейін Гүлнар, Гүлбарам, Жаңыл, Гүлшат, Арман есімді ұл-қыздары бар. Кейінгі ұлы Нұрлан аудан орталығына қарасты Ақсу ауылында егін егеді. Шамалы жері бар. Ата-әженің кенжесі Қараман-Балдырған деген егіз, бір ұл, бір қыз. Шаңырақтың кенжесі Қараман аға Қостанайдағы зауытта еңбек етіп жүр. Ал Балдырған әпке Астанада тұрады. Ғаллам ата мен Қарлыға әже ұрпағын өсіріп, қатарға қосып, ұлын ұяғы, қызын қияға қондырды. Бүгінде ұл-қыздарының қызық-қуанышын көруде.
–1942 жылы Денисов ауданының Ақсу ауылында тудым. Әкем Рақыш, шешем Мінәуара. Ақсуда тудым, оқыдым. Үш апам: Рақия, Рәзия, Нәзира және Әнәсия деген бір қарындасым бар. Төрт қыз, бір ұл өстік. Оқыдық, жұмыс істедік. 1957 жылдан бастап тракторшы болдым. Дүйсенбай Амангелдин деген кісіге көмекші болдым. Қырық жыл трактор жүргіздім. 1960 жылы беларусь тракторын жүргізіп, жүгері егетін жұмысқа кірдім. Сөйтіп жүргенде Қарлығаны кезіктіріп, 1963 жылы үйлендік. Ол кезде мен 21 жаста, әжең 18-де еді,-деп жастық шағын еске алады Ғаллам ата.
Ата-әженің ауылдары бір өзеннің екі жақ бетінде орналасқан. Қарлыға әже Фрунзе ауылынан, ала атамыз Ақсу ауылынан.
– Үшінші апайым Нәзира көршілес Фрунзе ауылына тұрмысқа шығып, сол жақта тұрды. Апамның ауылына барған сайын болашақ жарымды көретінмін. Таныстыстық. Сөйтіп жүріп құда түстік. Біздің заманда лимузин деген болмады. Қалыңдықты трактормен алып келетінбіз,-дейді Ғаллам Мақаев.
Қарлыға әже 1945 жылы Денисов ауданының Фрунзе ауылында туған. Әкесі Қадыр Салықұлы, шешесі Күләмза Баймағамбетқызы. Он сегіз жасында Мақаевтар әулетіне келін болып түскен кейіпкеріміз бүгінде алтын құрсақты ана, ақ жаулықты әже атанып отыр. Он бір баланы өмірге әкелген Қарлыға әже «Батыр ана» және «Алтын алқа» марапаттарын алған.
-Енеммен бірге 21 жыл тұрдық. Енем балалардың бәрін көрді. Ол кісі көп сөйлемейтін. Менің қателігімді көрсе де көрмегендей болатын. Марқұм енемді әрқашан мақтаймын. Мақтауға тұрарлық кішіпейіл жан еді. Бұл шаңыраққа келгенде жас болдым. Ешкіммен ерегіспей, бәрімен тату болдым. Біздің жас кезімізде ашуланып, бір-бірімізбен керісетіндей уақыт болмады. Таңертең жұмысқа кетеміз, күн бата келеміз үйге. Сыйласып, осы жасқа келдік. Бала-шағам өсіп-өнді. Қазір ұрпағымның қызығын көрудемін. Сәл ауырып қалсам, балаларым келіп, қарайласады. Осы күніме шүкір етемін. Ал енді қазіргі жастарға төзімді, кешірімді болыңдар дегім келеді. Өзімнің қыздарыма да соны айтамын,-деді Қарлыға Қадырқызы.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суреттерді түсірген автор.
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31