
Денисов ауданындағы ең тапшы мамандықтар тізімі
Аудандық мансап орталығының ақпараты бойынша өңірде жүк көлігінің жүргізушілері, ветеринар дәрігерлер, бастауыш сынып мұғалімдері, мектеп психологтары, бухгалтерлер аса қажет.
Осы аталған мамандық түрлері дәл қазіргі күні тапшы және кадр құрамын жедел толықтыруды талап етуде.
«Кадр тапшылығын шешу үшін биыл жас мамандар үшін Денисов ауданында тұрғын үй құрылысын жалғастыру қарастырылған,-деді аудандық мансап орталығының директоры Ерлан Құлжанов.
Сондай-ақ ауданда мемлекеттік қызмет саласы бойынша 23 бос лауазым орны бар. Мәселен, жұмылдыру дайындығы, терроризмнің алдын алу және төтенше жағдайлар бөлімінде, тұрғын үй инспекциясында, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімінде, экономика және қаржы бөлімінде, қаржы-шаруашылық қамтамасыз ету және ақпараттық технологиялар бөлімінде, ұйымдастыру-бақылау жұмысы және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінде, әкім аппаратында, Аршалы, Денисов, Красноармейский ауылдық округтері әкімдіктерінің аппаратында бас маман лауазымдары бос тұр. Сонымен қатар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы және әкімнің көмекшісі сияқты лауазымдар бос. Бұл бос жұмыс орындары ауданда білікті мемлекеттік қызметшілердің, әсіресе экономика, ауыл шаруашылығы, инженерлік, заңгерлік және әкімшілік жұмыс тәжірибесі бар мамандардың қажеттілігін көрсетеді.
Аудандық мансап орталығының директоры Ерлан Аманжолұлынан жас мамандардың неге ауылда еңбек етуге құлықсыз екенін сұрап көрдік. Сала маманының айтуынша қазіргі жас толқын бірқатар объективті және субъективті себептерге байланысты ауылда жұмыс істеуден бас тартады.
– Көптеген ауыл мамандарының жалақысы қалаларға қарағанда айтарлықтай төмен. Бәлкім бұл да жастардың ауылдан гөрі қалада жұмыс істеуіне әсер ететін шығар. «Ауылдың дамуы артта қалған» деген ескі түсінік, стереотип қалыптасқан. Оның өзі жас буынның ауылдан алшақтауына себепкер деп ойлаймын. Бұл қасаң пікірді жоятын уақыт келді. Өйткені қазір ауылда еңбек етіп-ақ мол табысқа, биік мансапқа, үлкен абыройға жетуге болатынын дәлелдеп жүрген мамандар баршылық. Сондықтан, жас түлектерді туған жерімізді түлетуге шақырамын,-деді Ерлан Аманжолұлы.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суретте: бос жұмыс орындарының жәрмеңкесінде
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31