
Денисов ауданында мыңнан аса тұрғын «Кітап оқитын ұлт» жобасына қатысуда
Биыл Денисов ауданында 1227 тұрғын «Кітап оқитын ұлт» жобасына тіркеліп, қатысуда.
Аудандық білім бөлімінің хабарлауынша, жергілікті халықтың кітап оқуға деген ынтасы жылма-жыл жоғарлауда. Бұл жобаға 6-10 сынып оқушылары, олардың ата-аналары мен мектеп ұстаздары тартылған.

– Әрбір мектепте осы жобаға жауапты тұлғалар ретінде кітапханашылар тағайындалды. Жоба аясында кітап қоры жаңарып, тақырыптық оқу бұрыштары, сыныптан тыс іс-шаралар, оқу жылдамдығы және көрмелер ұйымдастырылуда. Денисов аудандық білім беру мекемелері 6-10 сынып оқушыларына арналған «Кітап оқитын мектеп» бағыты бойынша қатысуда. Мектеп кітапханаларында «Мен оқыдым және саған да ұсынамын», «Бірге оқиық», «Кітап оқу – қызықты әрі сәнді» деген сияқты танымдық бұрыштар орнатылды. Әр сыныптың оқушыларына арналған кітаптар топтамасы дайындалды,-деп хабарлады Денисов аудандық білім бөлімінің әдіскері Ирина Колыханова.
2025 жылдың қыркүйегінен 1-қарашаға дейінгі мәліметке сәйкес, Денисов ауданынан 246 мұғалім, 236 ата-ана және 745 оқушы жобаға қатысқаны мәлім. Келер жылдың 20 ақпанына дейін аудандық іріктеу кезеңі ұйымдастырылады. 2026 жылдың сәуір айында аудандық кезеңнің жеңімпаздары анықталмақ. Оған әр мектептің үздіктері жіберіледі. Аудандық бәсекеден сүрінбей өткендер облыстық деңгейдегі финалдық кезеңде бақ сынайды.

№3 Денисов жалпы білім беретін мектептің кітапханашысы Мәдина Әмірғалиқызы аталмыш жобаның оқу ордасында қалай іске асып жатқанын айтып берді.
– Бұл – кітап оқитын ұлтты қалыптастыру жолындағы игі бастама екені сөзсіз. Қатысушыларды тіркеу кезінде оқушылар мен педагогтар ерекше белсенділік танытты. Ата-аналар тарапынан да қызығушылық басым. Жан-жақты қолдау арқылы балаларды кітап оқуға шақырып, көркем әдебиетіміздің небір жауһарларын жас өркенге таныстыруға жол ашылды. Қазір ақпарат ағыны қалыптасқан кезең. Кітап жаңа заман технологиясының тасасында қалмау үшін мазмұнды жобаның дер кезінде қолға алынғаны қуантады,-деді мектеп кітапханашысы Мәдина Долдаш.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суретте: Жоба қатысушысы Мәдина Сұлтанбеков; Кітапқұмар оқушы Кэтрин Майер мектеп кітапханашысы Мәдин Долдашпен бірге; Ең кішкентай қатысушылар.
Суретті жолдаған – Мәдина Долдаш
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31