
Денисов ауданында жаңа жылдың алғашқы күндері 5 нәресте өмірге келді
Денисов ауданында жаңа жылдық мерекелер уақытында ешқандай оқыс оқиғалар тіркелмеді.
Аудандық аурухананың мәліметі бойынша, мейрам күндері тұрғындарға медициналық қызмет штаттық режимде көрсетілген. Аса маңызды төтенше жағдай тіркелген жоқ.
Аудандық аурухана пациенттерге үзіліссіз, қолжетімді медициналық қызмет көрсету үшін дәрігерлер кезекшілігін ұйымдастырыпты. Осы топта орта және кіші буын медициналық персонал, жүргізушілер кезекшілік атқарған. Жаңа жылдың алғашқы күндерінде аудан бойынша 5 нәресте өмірге келіпті.
«Жаңа жылдың алғашқы күндері келіп түскен шағымдардың көпшілігі суық тию, ұсақ жарақат, созылмалы аурулардың асқынуы себептеріне байланысты. Алғашқы он күн ішінде стационарға 52 адам жатқызылды. Ішімдіктен улану, пиротехникамен байланысты жарақаттар тіркелген жоқ. Жарақат алу бойынша аурухананың көмегіне жүгінген адамдар болды. Бірақ, олардың бәрі тұрмыстық жарақат алғаны белгілі болды. Күйіп қалу көрсеткішінде жеңіл деңгейдегі бір жағдай тіркелді. Ал үсік шалу бойынша ешқандай оқиға тіркелмеді» делінген Денисов аудандық ауруханасының ресми хатында.

Ресми дерек мереке күндерінің тыныш өткенін нақтылай түсті. Әсіресе пиротехниканы пайдалану кезінде күйіп қалу фактілерінің тіркелмегені қуантады. Бұл дегеніміз жергілікті тұрғындардың қауіпсіздік ережесіне жауапкершілікпен қарай бастағанының дәлелі. Медицина мамандары да күшейтілген режимде жұмыс істеп, халыққа жедел көмек беруге дайын болыпты. Денисов аудандық ауруханасы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау мен денсаулыққа жауапкершілікпен қарау мереке күндері ғана емес, күнделікті өмір салтына айналуы тиіс екенін еске салады.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суретті Денисов аудандық ауруханасының баспасөз қызметі жолдады.
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31